Мерекенiзбен
Наурыз дәстүрлері
Қазақ халқында «Ұлыстың Ұлы күні» деп аталатын «Наурыз» – бұл көктем туып жер жаханның жаңаруы, яғни үлкен мереке.
Қазақтың жаңа жылы, елдегі мәні мен мағынасы тереңде жатқан, тәрбие мен имандылыққа, адамдық пен кішпейілділікке бастар, қайырымы мол ауқымды мейрам – осы «Наурыз». Ал енді атаулы мерекенің ерекшелігі неде? – осыған назар аударар болсақ, ол алдымен көнеден келе жатқан, күн мен түннің теңескен жаңа бастау мерекесі. Мәселен, орта Азия мемлекеттерінде Ұлыс күні аталып келе жатқанына бес мың жылдан асады. Демек, ежелден ата-бабаларымыздың көрегенділігімен дәм-тұзы бұзылмай, осы уақытқа сол дәстүр-салтымен жеткен «Наурыз». Бұл қыстан тарынып, қысылып аман-есен шыққан адамзат «Ұлыс күні Наурыз» келіп, шуағын шашқан көктем күні жеткенде көрісіп, есеншілдік білісіп, бірін-бірі құшақ жая қарсы алып, көкке табан тиді ме – қысыл қыс басын иді ме? – деп, бір-бірімен төс қағыстырып, қыстан қалған, сүрленген бар шұрайлысын қазан толтыра асып, төрін көрші – көлем, ақ жүрек туыс-туған көне көз қарияларымен, меймандарымен толтырған. Үй ішін, қора – қопсысын тазалап, жинастырып, ескі-құсқы қажеті жоқтан құтылып, жаңа киімдерін киініп, тайпа-ру аралық қас қылғандарымен татуласып, өшпенділікті ынтымақ-достыққа жеңдіріп, тіпті «Ұлыс күні» ру көшбасшылары мен ақсақалдары бас қосқан. Бұлақ көрсе көзін ашып, көгалдандырудың нақ уақытында тамырланған жас тал, көшеттер отырғызып, күнәдән тазарынған мереке бұл. Есебі ел Тәуелсіздігімен келген «Наурыз» мерекесін ел халқы, тіпті өзге ұлт өкілдері діни тұрғыдан көріп шеттенетіні рас еді. Алайда бұл олай емес, «Наурыз» біріншіден, мемлкеттік мереке екенін алға тартсақ, екіншіден, «Ұлыс күні» халықтық мейрам екенін естен шығармаған жөн. «Наурыз» татулық пен достықтың, ынтымақ пен бірліктің нышаны. «Абысын тату болса ас көп – ағайын тату болса ат көп» — деп, ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Әрине, мерекенің берекесін келтірер үлкен ерекшелік ол – қазақы ұлттық дастархан. Қазақтың қасиетті жеті санынан тұратын дәм қосылған наурыз көже мен шұбат-қымыз, алуан дәмді құрт пен қаймақ, май және ежгей-балқаймақ, шелпек пен қиықша және бауырсақ, наны ысылып, түтіні будақтап қазанда еті асылған шаңырақсыз – Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мерекесін елестету мүмкін емес. Ал енді қазақтың ұлттық ойындарынсыз өтер той-думан бар ма? Жоқ әрине. Бұл мерекеде бәйгеге қосып ат жарыстыру үлкен ғанибет. Ол тай мен жабағы жарысы, құнан мен дөнен, бесті жарысы, көкпар мен аударыспақ, теңге алу мен қыз қуу, қазақ күресі мен ауыр көтеру тағы басқа. Сонымен қатар наурызда жауған қар-жаңбырды, «Ол жақсылықтың нышаны, Алланың нұры» — дейді көне көз қариялар. Бойжеткен аруларымыздың көрікті ажарын атамыз қазақ қашанда күн сәулесін шашқан сұлу көктем келбетіне балаған. Олай болса құрметті бауырлар, жерлестер – келе жатқан Ұлыс күні «Наурыз» мейрамы баршаңызға құтты – берекелі болсын. Арман-мақсаттарыңыздың орындалуына шын жүректен тілектеспін.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Лисаков қаласы білім бөлімінің
мектеп-гимназиясы» КММ
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі